Студопедия

Главная страница Случайная страница

КАТЕГОРИИ:

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника






Экстрополяция.






 

2 Экономикалық заңдар және экономикалық категориялар

Зерттеліп отырған құбылыстардың мәні экономикалық заңдар мен экономикалық категорияларда нақты көрініс табады.

Экономикалық заңдар – бұл адамдар өмірінде үнемі тұрақты түрде қайталанып отыратын себеп-салдарлық байланыстар мен құбылыстар. Қолданылу мерзіміне қарай барлық экономикалық заңдар төмендегідей жіктеледі:

1. Арнайы экономикалық заңдар – шаруашылық жүргізудің нақты бір белгілі нысандарын дамытумен байланысты заңдар.

2. Ерекше экономикалық заңдар – олардың іс-әрекет жүргізу жағдайлары сақталатын нақты бір тарихи дәуірлерге тән заңдар.

3. Жалпы экономикалық заңдар – адамзаттың барлық тарихи дәуірлеріне тән заңдар.

Экономикалық заңдардың объективтік сипаты – олар жекелеген индивидтердің, фирмалардың немесе мемлекеттің еркінен, санасынан және қалауынан тыс орын алады және әрекет етеді. Мұндай заңдарды экономикалық ғылымның көмегімен танып білуге болады, бірақ оларды сол экономикалық ғылыммен жасауға болмайды. Экономика-лық заңдарды анықтау экономикалық теорияның аса маңызды қызметтеріне жатады және олардың тәжірибелік маңызы зор болып табылады, себебі осындай заңдарды талдаудың негізінде тиімді экономикалық саясатты қалыптастыруға болады.

Экономикалық категориялар – бұл экономикалық құбылыс-тардың аса маңызды жақтарын сипаттайтын жалпылама ұғымдар мен түсініктер (мысалы, тауар, баға, пайда, т.б.).

 

3 Экономикалық теорияның қалыптасуы мен тарихи даму кезеңдері

Экономикалық ғылымның ұзақ және аса бай тарихы бар. Экономикалық ілімдерді жүйелеудің ең алғашқы белгілі талпыныстары бірінші Аристотель (б.з.д. 364-322) мен Платон (б.з.д. 428-348) сияқты ежелгі грек ойшылдарымен байланысты. Олар өз зерттеулерінде экономикалық өмірдің негізгі мәселелерін қарастырған. Аристотель экономиканы байлық туралы ғылым ретінде анықтап, құн, баға және ақша теориясына өте көп үлес қосты.



Жоғарыда атап өткеніміздей, «экономика» термині ежелгі грек сөзі, оны алғаш рет грек жазушысы және тарихшы Ксенофонт (б.з.д. 430-355) қолданған. Шын мәнінде, бастапқы мағынасында «экономия» сөзі орын алған, ол үй шаруашылығын жүргізудің өнері туралы ғылым ретінде сипатталды. Алайда, уақыттың өзгеруіне байланысты экономикада жаңа ұғымдар пайда бола бастады. Мемлекеттер қалыптасып, қоғамдық еңбек бөлінісі мен айырбас қатынастары дами бастады. Осыған орай, біртұтас мемлекеттің халық шаруашылығын басқару қажеттілігі туындады. Осы кезде француз экономисі Антуан де Монкретьен (1575-1621) 1615 жылы «Саяси экономия трактаты» атты еңбегін жариялайды. Онда ол сауда қатынастарын жан-жақты дамыту арқылы экономикалық саясатты жүргізуді ұсынады. Сөйтіп, экономия сөзі саяси экономия деп аталатын сөз тіркесіне айналды. «Саяси экономия» - бұл кең мағынасында, халық шаруашылығын мемлекет тұрғысынан басқару туралы ғылым. Сол уақыттағы осы ғылым тұрғысында экономистер мемлекеттің ұлттық табысын арттыратын шешімдерді және шаруашылық жүргізудің негізгі мәселелерін алға тартты.



Меркантилизм. Экономикалық теориядағы алғашқы мектеп – меркантилизм болып табылады. Бұл бағыт ұлттық табыстың негізгі көзі деп байлық ретінде саналатын алтын мен күмісті жинау мәселесін қарастырды. Бұлар байлықтың көзі тек саудада деп түсінді, яғни сырттан бағалы металлдарды арзанға сатып алып елге жинау беру және оларды басқа елдерге қымбатқа сату. Меркантилизмнің басты өкілдері болып жоғарыда аталған А. Монкретьен, ағылшын экономисі Томас Мэн (1571-1641), Уильям Стаффорд (1554-1612), француз экономисі Жан Батист Кольбер (1619-1683), орыс экономисі Иван Посошков (1652-1726) табылады. Меркантилистер экономикалық теорияның ғылым болып қалыптасуына айтарлықтай өз үлестерін қосты. Сонымен, меркантилизм – бұл байлықтың сыртқы сауда нәтижесінде жасалатынын түсіндіретін және айналыс аясын зерттейтін экономикалық теорияның бір бағыты.

Физиократтар. Бұл мектептің негізін салушылар болып француз ғалымдары Франсуа Кенэ (1694-1774) мен Анн Тюрго (1727-1781) болды. Физиократтар экономикалық ғылымда айтарлықтай бетбұрыс жасады. Олар бірінші болып өндіріс аясына көңіл бөлді. Олардың ойынша, байлықтың көзі сауда емес, өндірісте. Өндіріс ретінде олар ауыл шаруашылығы саласын ғана жақтады, яғни ауыл шаруашылығындағы жұмысшылардың еңбегі арқылы ұлттық табыс жасалады, ал жер табиғаттың берген сыйы, олай болса, жерден алынған өнім ғана қосымша пайданы арттыра алады деп дәріптеді. Бұл жерде ауыл шаруашылығынан басқа экономиканың салалары (өнеркәсіп, сауда, т.б.) «өнімсіз» деп саналды. Физиократтардың жеткен жетістігі болып олардың алғаш рет ұлттық экономика шеңберінде (әсіресе, Кенэнің Францияның ұлттық шаруашылығын зерттеуі) ұдайы өндіріс үдерістерін зерттеуі табылады. Сонымен, физиократизм – бұл пайда табудың жолы ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласында қалыптасатынын және өндіріс аясын зерттейтін экономикалық теорияның бір бағыты.

Классикалық саяси экономия. Саяси экономияның қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлесті ағылшын экономистері Уильям Петти (1623-1687), Адам Смит (1723-1790), Давид Рикардо (1772-1823), Джон Стюарт Милль (1806-1873), француз экономисі Жан Батист Сэй (1762-1832) қосты. Классиктер (бұларға «классиктер» деген атақ берген Карл Маркс еді) физиократтарды сынай отырып, байлықтың қайнар көзі тек ауыл шаруашылығының еңбегі арқылы ғана емес, барлық өндіріс салаларындағы еңбекпен алынатынындығын қадап айтты. Бұл бағыт шеңберінде еңбек құнының теориясы жасалып, барлық саладағы және бүкіл халықтың еңбегі өндіріс үдерісіне қатыса отырып ең тиімді нарықтық айырбас нысандарын жүзеге асырады деген ойлар дамыды. Классикалық саяси экономияның өкілдері ең алдымен, экономикалық еркіндікті және бәсекелестікті қолдады, мемлекеттің экономикаға араласуын жақта-мады, яғни, бұлар «экономикалық адам» ұғымын қалыптастырды. Классикалық саяси экономия уақытында экономикалық ғылым өз дамуының шарықтау шегіне жетті. Бұл бағытты әріқарай жалғастыру-шы мектептер пайда болды. Сонымен, классикалық саяси экономия – бұл еңбекті барлық тауарлар мен қызметтердің соңғы құны деп санайтын және еңбек құнының тұжырымдамасы арқылы қоғамның барлық топтарының табыс көздерін анықтауды қарастыра-тын экономикалық теорияның ең басты бағыттарының бірі.

Марксизм. Басты өкілдері неміс экономистері Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельс (1820-1895) еңбек құнының теориясы негізінде классиктердің тұжырымдамаларын жалғастырып нарықты шаруашылықты тереңірек зерттеді. Маркс «капитализм» ұғымын қалыптастырды. Бұлардың ойынша, тек жалдамалы жұмысшылардың еңбегі ғана қоғамның байлығын жасайды. Ал капиталистердің пайдасы жұмысшылар табының төленбеген еңбегін білдереді. К. Маркс экономикалық теорияға мынадай жаңалықтарды алып келді: қоғамдық-экономикалық формация, ұдайы өндіріс, экономиканың циклдік дамуы, жалдамалы жұмысшылардың еңбегі, рента теориясы, социализм, тауарға сіңген еңбектің екі жақтылығы, т.б. Кейіннен, марксизм теориясын В. Ленин мен Г. Плеханов дамытты.

Неоклассикалық теория. ХІХ-ғасырдың екінші жартысында экономикадағы барлық зерттеулер жекелеген нарықтық субъектілердің нақты қарым-қатынастарын қарастыруға бағытталады. Ғалым-экономистер шектеулі ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерін зерттеуге талпыныс жасай бастайды. Осыған байланысты экономикалық ғылымның аты өзгерді: «саяси экономия» термині «экономикс» ұғымымен алмастырылады. Экономикалық ғылым өзінің жаңа атауын ағылшын экономисі Альфред Маршаллдың 1890 жылы шыққан «Экономикс принциптері» еңбегіне байланысты өзгертті. Олай болса, бұл бағыттың негізін салушылар ағылшын экономисі Альфред Маршалл (1842-1924) мен Артур Пигу (1877-1959) болды. Бұл бағыт негізінде экономикалық теория шектеулі ресурстарды тиімді пайдалану ғылымы ретінде қарастырылады. Маршаллдың басты назарында тұтынушылар мен өндірушілер өздерінің әл-ауқаттылық дәрежелерін қалайша арттыратындығы туралы мәселелерді талдау жағдайы тұрды. Оның ойынша, әл-ауқаттылықты максималдау тек еркін бәсекелестік жағдайында ғана болуы мүмкін және осы тұрғыда ғана нарық тепе-теңдікке келе алады.

Неоклассиктердің жасаған негізгі талдау құралдары, бүгінде әлемдік экономикалық ғылымның «алтын қорына» жатады. Ол талдау құралдары мыналар болып табылады: шекті талдау, сұраныс икемділігі, нарықтардың өзара тәуелділігі, уақыт факторын ескеру арқылы қысқа және ұзақ мерзімдер арасындағы айырмашылықты көрсету, фирма теориясындағы өндіріс ауқымы тиімділігін талдау, т.б. Неоклассиктердің еркін бәсекелестікті жақтауы және мемлекеттің рөлін бағаламауы (ол тек «түнгі күзетші» қызметін атқарады) тұрғысынан экономикалық теория ХХ-ғасырдың соңына дейін бірнеше онжылдықтар бойы микроэкономикалық талдау шеңберінде дамып келді.

МАРЖИНАЛИЗМ. Маржинализм теориясы арқылы экономикалық теорияның микроэкономикалық негіздері әріқарай дами түсті. Бұл бағыттың негізін қалаушылар: Карл Менгер (1840-1921), Евгений Бем-Баверк (1851-1914), Фридрих Визер (1851-1926), Леон Вальрас (1834-1910), Вильфредо Парето (1848-1923), Август Фридрих фон Хайек (1899-1992), Людвиг фон Мизес (1891-1973) болды. Осы ғалымдардың еңбектерінде «шекті пайдалылық» теориясының негізгі қағидалары қалыптасты. Бұлар құндылық, баға, айырбас, шығын, сұраныс және ұсыныс туралы көзқарастары арқылы экономикалық ғылымға төңкеріс алып келді. Маржиналистер экономикалық талдаудың негізіне экономикалық субъектілердің шаруашылық қатынастарын зерттеуде субъективтік бағалаулардың теориясын енгізді.

Неоклассиктер мен маржиналистер әрдайым нарықтық экономиканың өзін-өзі реттеушілік сипатына мән бере отырып, еркін бәсекелестіктің бұзылған тепе-теңдікті автоматты түрде қалпына келтіре алу мүмкіндігіне ие екендігін және осы арқылы теңгерімді қарқынды, дағдарыссыз дамуды қамтамасыз ете алатындығын қолдады. Ғалымдар мемлекеттің экономикаға араласуына қарсы болды, шаруашылықты шектен тыс реттеудің қауіп-қатері бар екендігін ескертті.

Дегенменде, ХХ-ғасырдың бірінші жартысында батыс елдерінде өрши түскен дағдарыстық құбылыстар әлемдік экономикалық тоқырауға алып келді, ол тарихта 1929-1933 жылдары АҚШ-та орын «Ұлы депрессия» деген атпен белгілі болды. Бұл жерде шаруашылықтың дағдарысқа ұшырауымен қатар неоклассикалық бағыттың микроэкономикалық теориясы мен талдауы да күйзеліске ұшырады, яғни олар экономикалық дағдарыстың шығу себептерін және одан шығудың жолдарын түсіндіре алмады. Бұл жерде нарықтың өзін-өзі реттеушілік тетігі мен мемлекеттің экономикаға араласпауы туралы көзқарастар экономикалық теорияның осы тұстағы жаңа бір бағыты – кейнсиандық теориямен қатты сынға алынды. Енді осы бағытқа кеңірек тоқталамыз.

Кейнсиандық теория. Бұл бағыттың негізін қалаушы, ағылшынның көрнекті ғалым-экономисі Джон Мейнард Кейнс (1883-1946) болды. Кейнс өзінің 1936 жылы шыққан «Жұмыспен қамтудың, ақшаның және пайыздың жалпы теориясы» деген басты еңбегінде экономикалық мәселелерді реттеудің макроэкономикалық негіздерін жасай отырып, микроэкономикалық талдау шеңберінде шешіле алмайтын көптеген сұрақтарға жауап бере алды. Осы теория негізінде экономикалық екінші құрамдас бөлігі – макроэкономика қалыптасты. Кейнстің бұл еңбегі оны және оның теориясын әйгілі етті.

Кейнс неоклассикалық ілімнің негізгі қағидаларынан бас тарта отырып нарық өзін-өзін реттей алмайтын тетік екенін дәлелдеді. Мұндағы Кейнстің басты идеясы болып экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі табылады. Өйткені, таза нарық жағдайында экономиканың күрделі мәселелері, атап айтсақ, жұмыссыздық, инфляция, экономиканың кезеңдік ауытқуы, әлеуметтік қамсыздандыру, халықтың әл-ауқаттылығын жақсарту сияқты күрделі мәселелер өздігінен шешілуі мүмкін емес, осыларды реттеу үшін мемлекет нарыққа міндетті түрде араласады. Кейнс ең алдымен, экономиканың қозғаушы күші деп ұсынысты емес, сұранысты бірінші орынға қояды, олай болса, ол жиынтық сұранысты көтеру және қолдау үшін мемлекеттің бюджет-салық және ақша-несие саясаттарын жүргізуді ұсынды. Кейнстің макроэкономикалық теориясын Элвин Хансен, Пол Самуэльсон, Джон Хикс,Евсей ДомаржәнеРой Харрод сияқты ғалымдар әріқарай дамытып неокейнстік бағыттың негізін қалады.

МОНЕТАРИЗМ. Экономикалық ой-пікірдің бұл ағымы жаңа көзқараспен екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өмірге келді. Монетаризмнің негізін қалаушы, американ экономисі, Нобель сыйлығының лауреаты Милтон Фридмен (1912-2006) болып табылады. Бұл бағытта макроэкономикалық саясаттың ортасында ақша мәселесі орын алады. Экономиканы мемлекеттік реттеудің басты бағыты ретінде ақша-несие саясатын жүргізудің негізі қарастырылады. Мемлекеттің бұл жердегі міндеті болып инфляциямен және басқа да мәселелермен күресу үшін банктік несие пайызын және ақша массасын бақылап отыруы табылады. Фридменнің монетаризм саласындағы жеткен жетістіктері Кейнстік талдауды сынға алумен байланысты, оның ойынша, шаруашылық өмірдегі күрделі өзгерістер ең алдымен, ақша массасымен және ақша импульстерімен тығыз байланысты болып табылады.

Оңтайлы күтімдер теориясы. Бұл басқаша, жаңа классикалық макроэкономикалық теория деген атпен белгілі болып 1970-жылдары қалыптасты. Бұлар макроэкономика саласына микроэкономикалық талдаудың құралдарын қолдануды ұсынды. Жаңа классиктер оңтайлы күтімдер гипотезасын алға тартты, оның авторы болып американ экономисі, Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Лукас (1937 жылы туылған) саналады. Осы гипотезаға сәйкес, болашақ баға күтулері барлық экономикалық субъектілер үшін мінез-құлық танытудың ең маңызды себептері болып табылады. Осыған байланысты, үнемі өзгеріп отыратын экономикалық жағдайларға байланысты және қолдағы бар нақты ақпараттарға сүйене отырып олар алдағы болашақ уақытқа қарап шешімдер қабылдап отырулары тиіс.

Ұсыныс экономикасы теориясы. 1970-1980-жылдары танымал болған бұл бағыттың негізін салған болып американ экономисі Артур Лаффер (1941 жылы туылған) табылады. Бұл теория 1970-жылдары орын алған энергетикалық дағдарыстан кейнстік талдау әдістері негізінде нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеудің айтарлықтай әлсіреуіне байланысты орын алды. Неоклассикалық батыстық бағыт экономиканы сауықтырудың жаңа әдістерін іздестірумен болды. Лаффердің және оның жақтастарының көзқарастары тұрғысынан, экономикалық дамудың факторы деп сұранысты емес, ұсынысты қолдау және кәсіпкерлердің инвестициялық қызметін ынталандыру керек дейді. Негізгі қағидасы болып мемлекеттің экономикаға араласуын барынша төмендете отырып жеке кәсіпкерлікке көмек беру табылады. Мемлекеттік қаржылар басты құрал ретінде қарастырылады, яғни салық мөлшерлемелерін төмендету жолымен кәсіпкерлікті дамытуға маңызды түрде көңіл бөлінеді. Лаффердің теориясы және оның тәжірибелік қорытындылары сол кездегі АҚШ Президенті Рональд Рейганның «Рейганомика» атты мемлекеттік саясатында көрініс тапты.

ИНСТИТУЦИОНАЛИЗМ. «Институционализм» термині «заң негізінде орнатылған тәртіп немесе дәстүр» дегенді білдіреді. Институционалдық-әлеуметтік бағыт қазіргі экономикалық теорияда маңызды орын алады. Бұл теорияның негізгі өкілдері: американдық экономистер Торстейн Веблен (1857-1929), Джон Коммонс (1862-1938), Уэсли Митчелл (1874-1948), Джон Гэлбрейт (1908 жылы туылған). Бұлар экономикалық мәселелерді дәстүрлі емес әдістер арқылы зерттейді. Неоклассиктердің «экономикалық адам» мәселесін «әлеуметтік адам» ретінде қарастырды. Бұл жағдай олардың пікірінше, институттар арқылы реттеледі, яғни ол институттарға мемлекет, отбасы, адамгершіліктік және құқықтық нормалар, корпорациялар, кәсіподақтар, басқа да экономикалық құбылыстар мен тетіктер жатады. Сонымен қатар, институттар адамдар сақтайтын заң нормаларының жиынтығы ретінде өзіне қоғамдық пікір, сән-салтанат, жоғары білім, еркін бәсекелестік, жеке меншік, несие сияқты құбылыстарды да жатқызады. Сонымен, институционализм – бұл адамдардың экономикалықтан басқа, әлеуметтік, мәдени, саяси, адамгершіліктік, құқықтық құндылықтарын зерттейтін ерекше бағыт.

Институционализм теориясынан негізгі екі бағыт тарайды: неоинституционализм және қоғамдық таңдау теориясы.

Неоинституционализм бағыты меншік құқығының экономика-лық теориясы деп аталады. Негізін салушы болып американдық экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Рональд Коуз (1911 жылы туылған) табылады. Бұл бағыт трансакциондық шығындар теориясына аса мән бере отырып, нарықтық қатынастарды дамытудағы меншік құқығының жаңа рөлін қалыптастырды және өндірісті нарықтық тұрғыдан тиімді үйлестірудің шығындарын анықтауды алға тартты.

Қоғамдық таңдау теориясы экономикалық және саяси құбылыстардың өзара байланысын зерттейді. Американдық экономистер, Нобель сыйлығының лауреаттары Джеймс Бьюкенен (1919 жылы туылған) мен Кэннет Эрроу (1921 жылы туылған) осы теорияның негізін қалаушылар болып табылады. Қоғамдық таңдау теориясы саясат қызметін экономикалық талдауды ұсынады. Саясат саласы ерекше нарық қарастырылады, бұл жерде саясат басындағы қоғамдық лауазымды тұлғалар жеке индивидтер мен фирмалар сияқты өздерінің жеке пайдасын басшылыққа ала отырып маңызды шешімдер қабылдайды. Сонымен қатар, атқарушы және заң шығарушы билік органдары басқару шешімдерін қабылдай отырып әл-ауқаттылықты арттыруға тырысады.

Соңында, экономикалық ғылымның әртүрлі бағыттары мен ілімдеріне және олардың ерекшеліктеріне қарай отырып, біз қазіргі экономикалық теорияның жай ғана заңдар мен нормалардың қалыптасқан жиыны емес екенін, оның әртүрлі экономикалық жүйелерді зерттеуде туындайтын сұрақтарға жауап бере алатын танып білудің икемді және үнемі жетілдіріліп отыратын құралы ретінде түсіне аламыз.

 

4 Экономикалық теорияның құрылымы және атқаратын қызметтері

Экономикалық теория шеңберінде экономикалық талдаудың негізгі екі деңгейі ажыратылады және осы арқылы экономикалық теория ғылымы екі бөлімге бөлінеді:

1. Микроэкономика – бұл шектеулі ресурстар мәселесін жекелеген экономикалық агенттердің (үй шаруашылығы, фирмалар, т.б.) нарықтағы тәртіптері мен мінез-құлықтары тұрғысынан зерттейтін экономикалық теорияның бір саласы. Микроэкономикада қолданылатын негізгі ұғымдар: сұраныс, ұсыныс, баға, бәсеке, өндіріс факторлары, т.б.

2. Макроэкономика – бұл экономикалық мәселелерді біртұтас жүйе ретінде зерттейтін және агрегатталған өлшемдерді қолданатын экономикалық теорияның бір саласы. Макроэкономикада қолданылатын негізгі ұғымдар: жалпы ішкі өнім, ұлттық табыс, жиынтық сұраныс, жиынтық ұсыныс, инфляция, жұмыссыздық, т.б.

Бұдан басқа, экономикалық талдаудың позитивті (оң) талдау және нормативті (реттеушілік) талдау деген түрлері де бар:

1. Позитивті экономикалық талдау – бұл қазіргі экономиканың дәл өзін сипаттайтын нақты қалыптасып отырған құбылыстар мен дерек негізінде алынған шындық жайттар. Талдаудың бұл түрі субъективтік бағалауға ие болмайды.

2. Нормативті экономикалық талдау – бұл қандай да бір елдің экономикасы туралы субъективтік бағалауларды қарастыру негізінде экономикалық саясатты іске асырудың кепілдемелері. Талдаудың бұл түрі кезінде орын алатын субъективтік бағалаулар экономика үшін қолайлы немесе қолайсыз болуы мүмкін.

Позитивті және нормативті талдаудың арасындағы айырмашылық оларда субъективтік бағалаулардың орын алуынан көрінеді. Бұл айырмашылықты дәлме-дәл көрсете білген ағылшын экономисі Джон Невилл Кейнс (Джон Мейнард Кейнстің әкесі) болды. Оның ойынша, позитивті экономикалық ғылым не бар деген сұраққа жауап береді. Ал нормативті экономикалық ғылым экономика қандай болуы керек және мақсаттарға жету үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап іздейді.

Экономикалық құбылыстар мен мәселелердің күрделілігі экономикалық ғылымдардың жіктелуіне алып келеді. Олай болса, экономикалық теория барлық экономикалық ғылымдарды үшке бөліп көрсетеді:

1. Жалпы экономикалық ғылымдар, оларға экономикалық тарих, экономикалық ілімдер тарих және басқа да ғылымдар кіреді.

2. Қолданбалы экономикалық ғылымдар, оның өзі екіге бөлінеді: а) функционалдық экономикалық ғылымдар: қаржы, несие, банк ісі, маркетинг, бухгалтерлік есеп және т.б., ә) салалық экономикалық ғылымдар: ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, сауда, өнеркәсіп, т.б.

3. Біріктірілген экономикалық ғылымдар, оларға экономикалық география, экономикалық құқық, экономикалық информатика, математикалық экономика және басқалары жатады.

Экономикалық теорияның атқаратын қызметтері:

1. Танымдық қызметі – экономикалық заңдарды, құбылыстарды зерттеу және түсіндіру.

2. Практикалық қызметі – іс жүзінде зерттелген объектілерді қолданып экономикалық саясаттың негізін жасау.

3. Болжамдық қызметі – экономикалық дамудың жалпы ғылыми болжамын жасау.

4. Дүниетанымдық қызметі – ғылыми тұрғыда қоғам өміріне қажетті экономикалық көзқарастар жүйесін құру.

5. Әдіснамалық қызметі – барлық экономикалық ғылымдар үшін теориялық және әдіснамалық негіз жасау.

6. Сыншыл қызметі - әртүрлі экономикалық теориялардың артықшылықтары мен кемшіліктерін ашып көрсету.

 

 

Әдебиеттер тізімі

 

1. С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б.

2. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет.

3. Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет.

4. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б.

5. Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.

6. Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с.

7. Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 .

8. Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.

9. Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.

10. Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.

11. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.

12. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.

13. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін-діктері», 2010 ж. 30 қаңтар.

14. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.

15. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.

 

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. «Экономия», «саяси экономия», «экономикс», «экономикалық теория» ұғымдарының айрмашылықтарын көрсетіңіз?

2. Экономикалық теорияның зерттеу пәні не болып табылады?

3. Экономикалық теорияның зерттеу объектісі мен субъектісі болып не табылады?

4. Экономикалық теорияның зерттеу әдістеріне не жатады?

5. Позитивті және нормативті экономикалық талдауға анықтама беріңіз?

6. Экономикалық заңдар мен экономикалық категорияларға сипаттама беріңіз?

7. Экономикалық теорияның экономикалық ғылымдар жүйесіндегі орны қандай?

8. Экономикалық теорияның атқаратын қызметтері қандай?

9. Экономикалық теорияның ғылым болып қалыптасуындағы экономикалық мектептердің рөлі қандай?

10. Экономикалық теорияның қалыптасуы мен тарихи даму кезеңдері қандай?

 

Студенттің өзіндік жұмыстары

1. Тақырып бойынша экономикалық сөздік жасау (глоссарий).

2. Тақырып бойынша логикалық схемалар құрастыру.

3. Мына сұрақтарға жауап беріңіз (конспект):

1) Экономикалық теориядағы адам мәселесі.

2) Экономика ғылымы бойынша Нобель сыйлығы және оның лауреаттары.

 

4. Тест тапсырмалары:

1. Экономикалық теориядағы бірінші мектеп:

А) Классикалық саяси экономия. В) Меркантилизм. С) Физиократизм. D) Маржинализм.

Е) Марксизм.

2. Экономикалық теория нені зерттейді?

А) Адамның табиғатқа, затқа қатынасын.

В) Адамның қоғамға қатынасын.

С) Өндіргіш күштерге қатынасын.

D) Қоғамдық өндірістегі адамдар арасындағы қатынастарды.

Е) Адамдардың қарым-қатынастарын.

3. Институционализм бағытының негізгі өкілдері кімдер?

А) Дж. Кейнс, Р. Харрод. В) А. Маршалл, Л. Вальрас, А. Пигу.

С) У. Петти, А. Смит, Д. Рикардо. D) Т. Веблен, У. Митчел, Д. Гэлбрейт. Е) К. Менгер, У. Джевонс.

4. Экономикалық теориядағы талдау әдісі – бұл:

А) Біртұтас құбылыстарды жекеленген құрамдас бөліктерге бөліп, олардың әрбіреуін зерттейтін тану әдісі. В) Құбылыстың жекелеген бөліктерін біртұтас біріктіруге негізделген тану әдісі. С) Белгілі құбылыстың қасиеттерін белгісіз құбылыстарға ауыстыруды көрсететін тану әдісі. D) Моделдерді зерттеу негізінде қалыптасқан ғылыми қорытындылар мен шешімдер. Е) Зерттеу объектісінде бастыны белгілеуде және мәнсіз кездейсоқ, өткінші, жекелеген құбылыстардан тазартып, олардағы берік, тұрақты, типтік қасиеттерді тауып, зерттеу әдісі.

5. Төмендегі аталған мектептердің қайсысы ең алғаш рет өндіріс процесін талдауды өзінің пәні ретінде қарастырды?

A) Меркантилизм. B) Физиократтар. C) Классикалық саяси экономия.

D) Марксизм. E) Маржинализм.

6. Экономикалық заңдар деген не?

A) Өндірістік қатынастарының тұрақты ішкі байланыстары.

B) Экономика туралы үстіртін ұғым.

C) Экономикалық құбылыстың мән-мазмұнын анықтайтын ғылыми ұғым.

D) Экономикалық қатынастар мен іс-әрекеттерді реттейтін қылмыстық және азаматтық заңдар жүйесі. E) Себеп-салдарлық байланыстар.

7. «Физиократия» түсінігі нені білдіреді?

А) Табиғат билігін. В) Сыртқы сауданы. С) Индустриализмді.

D) Сауда еркіндігін. Е) Экономикалық талдауды.

8. Төмендегі мектептердің қайсысы сыртқы сауда және елге ақша

жинаумен байланысты қызметтерді экономикалық теорияның пәні деп есептеді:

A) Меркантилизм. B) Физиократтар. C) Классикалық саяси экономия.

D) Марксизм. E) Маржинализм.

9. Дж.М. Кейнстің «Жұмыспен қамту, процент және ақшаның жалпы теориясы» атты еңбегі қай жылы жарыққа шықты?

A) 1956 жылы. B) 1938 жылы. C) 1941 жылы. D) 1936 жылы. E) 1969 жылы.

10. Экономикалық құбылыстар арасындағы тұрақты қайталана-тын байланыстар - бұл:

A) Экономикалық теорияның пәні. B) Экономикалық заңдар.

C) Экономикалық категориялар. D) Экономикалық саясат.

E) Экономикалық ойлау.

11. Экономикалық тарих экономикалық ғылымдардың қай түрі-не жатады?

А) Интегралды экономикалық ғылымдарға.

В) Қолданбалы экономикалық ғылымдарға.

С) Жалпы экономикалық ғылымдарға.

D) Ерекше ғылымдарға.

Е) Қоғамдық тарихи ғылымдарға жатады.

12. Физиократтардың негізгі тұжырымдамалары:

А) Өндіріс аясын зерттеу, бірақ өндіріс аясы түсінігіне ауыл шарушылығын жатқызады.

В) Байлық сыртқы сауда жасау нәтижесінде жинақталады.

С) Еңбек барлық тауар құндылықтарының негізі мен өлшемі.

D) Экономикалық құбылыстарды зерттеу үшін шекті шаманы қолдану.

Е) Реттелмелі экономика – мемлекеттің араласуы.

13. Төмендегі әдістердің қайсысы экономикалық теорияның жалпы әдісіне жатады?

A) Экономикалық-математикалық модельдеу.B) Экстрoполяция.

C) Функционалдық әдіс. D) Баланстық әдіс. E) Абстракция.

14. Төмендегі түсініктердің қайсысы экономикалық теория пәні-нің анықтамасына қатысты емес?

А) Ресурстарды тиімді қолдану.

В) Шектелмеген экономикалық ресурстар.

С) Қажеттіліктерді максималды қанағаттандыру.

D) Материалды және рухани қажеттіліктер.

Е) Мұқтаждықтың жиілігі.

15. Экономикалық теорияның әдістеріне не жатпайды?

А) Дедукциялық әдіс. В) Индукциялық әдіс. С) Формалды ойлау.

D) Экономиканы математикалық моделдеу әдісі. Е) Талдау әдісі.

16. Экономикалық құбылыстардың елеулі жақтарын көрсететін жалпы ұғымдар – бұл:

А) Экономикалық теорияның пәні. В) Экономикалық заң.

С) Экономикалық категория. D) Экономикалық саясат.

Е) Экономикалық ойлау.

17. Экономика біртұтас жүйе ретінде зерттелгенде, ол қандай тал-дауға жатады?

A) Микроэкономикалық. B) Макроэкономикалық. C) Позитивтік.

D) Мемлекеттік. E) Нормативтік.

18. «Көрінбейтін қол» қағидасын кім ашты?

А) А. Смит. В) Д. Рикардо. С) Аристотель. D) В. Ленин.

Е) А. Маршалл.

19. Төмендегі мәселелердің қайсысы тек микроэкономикалық деңгейде шешіледі?

A) Толық еңбекпен қамту деңгейіне қалай жетуге болады.

B) Не және қанша өндіру қажет.

C) Инфляциядан қалай құтылуға болады.

D) Экономикалық өсуді қалай ынталандыру қажет.

E) Ресурстарды бөлу.

20. Экономикаға мемлекеттің араласуы қажет деп санайтындар:

A) Классиктер. B) Кейнсшілдер. C) Физиократтар.

D) Маржиналистер. E) Институционализм өкілдері.

21. Микроэкономика нені зерттейді?

А) Барлық экономика масштабындағы өндірісті.

B) Шаруашылықта еңбекпен қамтылғандардың санын.

С) Бағаның жалпы деңгейін.

D) Жекелеген экономикалық агенттердің дербес экономикалық шешім қабылдауларын.

Е) Мемлекеттегі инфляция көлемін.

22. Экономикалық теория қызметіне жатпайтын қызметті таңда-ңыз:

A) Танымдық. B) Тәжірибелік.C) Методологиялық. D) Делдалдық.

E) Сыншыл.

23. «Саяси экономия трактаты» еңбегін кім және қай жылы жазды:

А) А. Монкретьен 1665 жылы жазды. В) А. Смит 1776 жылы жазды.

С) А. Монкретьен 1615 жылы жазды. D) Ф. Кенэ 1694 жылы жазды.

Е) Дж. Кейнс 1936 жылы жазды.

24. Төмендегі шарттардың қайсысы экoномикалық теория пәні-нің анықтамасына тән емес?

А) Ресурстарды тиімді қолдану. В) Материалдық және руханилік қажеттіліктер. С) Шексіз өндірістік мүмкіншіліктер. D) Ресурстар сиректігі. E) Қолдағы ресурстарды ұтымды пайдалану.

25. Жекеден жалпыға қорытынды шығаруға негізделген тану әдісі – бұл:

А) Экстраполяция. В) Индукция. С) Абстракция. D) Дедукция.

Е) Логика.

26. Жекелеген экономикалық агенттердің (индивидтердің, үй шаруашылықтарының, фирмалардың және басқаларының) іс-әрекеттерін және олардың нарықтағы тәртібін зерттейтін эконо-микалық ғылымның саласын біз не деп атаймыз?

A) макроэкономика. B) микроэкономика. C) ұйымдық тәртіп.

D) экономикалық ілімдер тарихы. Е) экономикалық теория негіздері.

27. Төмендегі аталған мектептердің қайсысы ең алғаш рет өндіріс процесін (барлық салалардың аясын қамту) талдауды экономи-каның зерттеу пәні ретінде қарастырды?

A) Меркантилизм. B) Физиократтар.

C) Классикалық саяси экономия. D) Марксизм. E) Маржинализм.

28. Экономикалық теорияның пәні қандай мәселені зерттейді:

А) Нарық жағдайындағы адамдардың іс-әрекеттерін.

В) Саяси шешімдерді қабылдау процесіндегі адамдардың қызметтерін.

С) Шектеулі экономикалық ресурстарды тиімді пайдалану үрдісіндегі адамдардың іс-әрекеттері мен тәртіптерін.

D) Меншік қатынастарындағы адамдардың қызметтерін.

Е) Осы аталған мәселелердің барлығын зерттейді.

29. Маржинализм теориясының мәнін ашып қарайтын болсақ, бұл теория негізінен:

А) Математикалық модельдерді қолданады.

В) Шекті шамаларды қолданады.

С) Экономикалық категорияларды жалпы-жиынтық көрсеткіштер деп қарастырады.

D) Экономикадан гөрі саясатты бірінші орынға қояды.

Е) Жүйелік бағыттарды қолданады.

30. Экономикалық теорияның танымдық қызметі:

А) Іс жүзінде зерттелген объектілер теориясын құру.

В) Экономиканың және жалпы қоғам дамуының ғылыми болжамын жасау.

С) Экономикалық заңдарды, құбылыстарды зерттеу және түсіндіру.

D) Ғылым негізінде қоғам өміріне белгіленген көзқарастар жүйесін құру.

Е) Экономикалық ғылымдар жүйесі үшін теориялық және методологиялық негіз болу.

31. Классикалық саяси экономияның негізгі тұжырымдамалары:

А) Өндіріс аясын зерттеу, бірақ өндіріс аясы түсінігіне ауыл шарушылығын жатқызады.

В) Еңбек барлық тауар құндылықтарының негізі мен өлшемі, қоғамның барлық топтарының табыс көздерін анықтау.

С) Экономикалық категорияларды зерттеу үшін шекті шаманы қолдану.

D) Байлық сыртқы сауда жасау нәтижесінде жинақталады.

Е) Реттелмелі экономика – мемлекеттің араласуы.

32. Жеткіліксіздік дегеніміз не?

А) Еңбек факторының қоғамға жеткіліксіздігі.

В) Экономикалық тиімділікті қамтамасыз ете алмау құбылысы.

С) Бюджет тапшылығының белгілі бір уақытқа дейін орын алуы.

D) Нарықта тауар тапшылығының орын алуы.

Е) Адами қажеттіліктерді толық қанағаттандыру мүмкін еместігі туралы тұжырымдама.

33. Экономикалық теория ғылым ретінде қашан қалыптасты?

A) XV-XVI-ғасырларда. B) XVI-XVII-ғасырларда. C) XIX-ғасырдың соңы мен XX-ғасырдың басында. D) XX-ғасырда. E) XIX-ғасырда.

34. Нормативті экономика дегеніміз не?

A) Eлдің экономика туралы бағалау пікірлері.

B) Деректер негізінде экономикалық әрекеттерді болжау.

C) Бұл экономиканың дәл өзі.

D) Экономикалық игіліктер туралы дұрыс шешім қабылдау.

E) Жекелеген субъектілер шеңберінде ресурстарды тиімді пайдалану.

35. Экономикалық құбылыстардың елеулі жақтарын көрсететін жалпы ұғымдар – бұл:

А) Экономикалық теорияның пәні. В) Экономикалық заң.

С) Экономикалық категория. D) Экономикалық саясат.

Е) Экономикалық ойлау.

36. Дедукция – экономикалық теориядағы тану әдісі ретінде қалай сипатталады?

A) жалпы ережелер мен деректерге сүйене отырып жеке қорытынды шығару.

B) құбылыстарды алдын ала талдау және болжап білу. C) көптеген мәліметтерді қарастыру тұрғысынан ортақ пікір қалыптастыру. D) көптеген деректерді зерттеуде маңызды фактілерге көңіл бөлу. E) теория негізінде қоғам өміріне тән қөзқарас қалыптастыру.

 

Экономиканы ұйымдастырудың жалпы негіздері

Мақсаты: қоғамдық өндірістің экономикалық мәнін түсіну, экономикалық теорияның негізгі базалық түсініктері: қажеттіліктер, ресурстар және игіліктер ұғымдарын кеңінен қарастыра отырып, экономикалық таңдау мәселесін шешу.

 

Талқылау сұрақтары:

2.1 Қоғамдық өндіріс, оның қазіргі экономикалық жүйедегі орны мен рөлі

2.2 Негізгі экономикалық түсініктер: қажеттіліктер, ресурстар, игіліктер. Маслоу пирамидасы

2.3 Шектеулілік және экономикалық таңдау мәселесі. Үнемділік.

2.4 Өндірістік мүмкіндіктер қисығы және оның экономикалық мәні

 

Негізгі ұғымдар: экономиканың негізгі үш мәселесі, өндіріс, қоғамдық өндіріс, өндіру, бөлу, айырбастау, тұтыну, қажеттіліктер, Маслоу пирамидасы, ресурстар, технология, игіліктер, шектеулілік, экономикалық таңдау, балама шығындар, өндірістік мүмкіндіктер қисығы, т.б.

 

2.1 Қоғамдық өндіріс, оның қазіргі экономикалық жүйедегі орны мен рөлі

Экономикалық теория қоғамдық ғылым ретінде шектеулі ресурстар мен мүмкіндіктер жағдайында мынадай сұрақтарға жауап беруі тиіс:

1. Не өндіру керек? – қандай тауарлар мен қызметтер өндірілуі тиіс.

2. Қалай өндіру керек? – қандай ресурстарды және технологияны пайдалану арқылы өндірілуі тиіс?

3. Кім үшін өндіру керек? – шығарылған тауар немесе қызмет кімге арналады, олар қалай бөлінеді, оларды кімдер сатып алады.

Қоғамның қажеттіліктерін барынша толық қанағаттандыру мәселесін шеше отырып, экономикалық теория экономикалық таңдау мәселесімен соқтығысады, яғни осы жерде экономикалық теория 2 аксиомаға сүйенеді:

1. адамдардың шексіз қажеттіліктері;

2. ресурстардың шектеулілігі.

Өндіріс адам өмірінің және қоғамның негізі болып табылады. Өндіріс адамның табиғатқа деген ықпал ету үдерісін білдіреді. Өндірістің түпкі нәтижесі болып табылатын қоғамдық өнім және оның қозғалысы негізгі 4 сатыдан өтеді:

1) Өндіру – пайдалы өнімдерді, материалдық және рухани игіліктерді жасау үдерісі.

2) Бөлу - өндірілген өнімде әрбір адамның үлесін анықтау.

3) Айырбастау – бір өнімді басқа бір өнімге айырбастау үдерісі.

4) Тұтыну – жасалған игілікті қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолдану.

Қоғамдық өндіріс екіге бөлінеді:

1. Материалдық өндіріс, бұған өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, материалдық-техникалық жабдықтау, қоғамдық тамақтандыру, құрылыс, су шаруашылығы және басқалары жатады.

2. Материалдық емес өндіріс, бұған денсаулық сақтау, білім беру, көлік, байланыс, мәдениет, несие мекемелері, қоғамдық ұйымдар, басқару органдары және басқалары жатады.

Сонымен, өндіріс – бұл қоғамдық сипатқа ие бола отырып адамзат баласының өмір сүруі үшін қажетті материалдық және материалдық емес игіліктерді өндіру үдерісі.

Қоғамдық өндіріс үнемі үздіксіз жаңартылып отырады, ол үдерісті ұдайы өндіріс деп атайды.

Ұдайы өндірістің екі тұрпаты ажыратылады:

1. Жай ұдайы өндіріс.

2. Ұлғаймалы ұдайы өндіріс.

Ұлғаймалы ұдайы өндірістің түрлері:

1. Экстенсивті ұдайы өндіріс - өндіріс факторларының санын арттыру есебінен өндірісті ұлғайту.

2. Интенсивті ұдайы өндіріс – техника мен технологияны жетілдіру, өндіріс факторларының сапасын көтеру есебінен өндірісті ұлғайту.

3. Аралас ұдайы өндіріс - өндіріс факторларының саны мен сапасын бірдей дәрежеде арттыру есебінен өндірісті ұлғайту.

 

2.2 Негізгі экономикалық түсініктер: қажеттіліктер, ресурстар, игіліктер. Маслоу пирамидасы

 

Экономикалық ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш мәселесіне жауап бере алатын басты ұғымдар орын алады. Бұл ұғымдар экономикалық теорияның базалық түсініктері болып табылады, яғни олар:

1. Қажеттіліктер.



mylektsii.ru - Мои Лекции - 2015-2020 год. (0.122 сек.)Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав Пожаловаться на материал