Студопедия

Главная страница Случайная страница

КАТЕГОРИИ:

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника






Дәріс. Диалектілер және ұлт тілі, әдеби тіл






1. Ұлттық тіл мен әдеби тілдің диалектілік негізі туралы.

2. Әдеби тілде диалектілерді пайдалану жайлы;

3. Әдеби тілдің сөздік құрамын байытуда жергілікті лексиканың мәні

Дәріс тезисі:Диалектілердің әдеби тілге қатысы туралы да, тіл білімін зерттеушілер бірден ортақ пікірге келе қойған жоқ. Олардың араларындағы ұзақ айтыс пікірталастары қазіргі күнге дейін жалғасуда. Ол – әдеби тілге диалектілердің негізі болды ма, жоқ па? деген талас. Бұл қазірге дейін шешілген жоқ. Сонымен бірге әдеби тіл мен диалектілердің қатысына байланысты тұжырымдар да бірізге түскен жоқ.

Жалпы әдеби тіл мен диалектілердің қарым-қатынасын ажырату үшін екі мәселені шешіп алудың қажеттілігі туындайды:

1. Әдеби тілде диалектілерді пайдалану жайлы

2. Диалектілердің әдеби тілге негізі жайлы

а) әдеби тілде диалектизмдерді пайдалану жайлы.Кез келген әдеби тілдің негізі жалпыхалықтық тіл негізінен бастау алады. Әдеби тіл мен жалпыхалықтық тіл бір-біріне қарама-қарсы құбылыс емес, екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Кейде әдеби тілде де, сөйлеу тілінде де жарыса қолданыла беретін сөздер ұшырасады. Мысалы: қазір – қазыр, кәзір, қане – кәне, қадыр – кәдір, қадір, мағына – мағана, өмір – ғұмыр т.б.

Сонымен қатар әдеби тілде күні бүгінге дейін қатар жұмсалып орфоэпиялық нормасы айқындалмаған сөздер де аз емес, Мысалы: зәбір – жәбір, әшейін – әншейін, балуан – палуан, бәле – пәле, сайтан – шайтан, тілмар – ділмар, бірдеңе – бірдеме, пенде – бенде, бәйге – бәйгі, сопаю – сопию, ыржың – ыржаң т.б. Мұндай сөздерді синоним ретінде қарауға болмайды. Себебі олар айтылудағы аздаған өзгерістері болмаса, негізі бір сөздер. Диалектизмдерге де жатпайды, өйткені бұлар белгілі бір облыс, аймақ көлемінде ғана емес, жаппай барлық жерде айтыла береді, жалпыхалықтық сипатқа ие деуге болады. Айтылуындағы мұндай тиянақсыздық әдеби тілдің нормалануына зиянын тигізеді, сондықтан оларды бірізге түсіру керек.



Ал диалектизмнің әдеби тілге қатысына келетін болсақ, олардың әдеби тілді байытуы сирек кездеседі. Әдеби тілге енген диалектизмдер санаулы ғана. Тек белгілі бір ұғымды білдіретін сөздер әдеби тілде жоқ болса ғана, жергілікті сөздердің кейбірін баспасөз арқылы әдеби тілге енгізуге болады. Мысалы: пәрменді (қарқынды), немелтай (шөберенің балалары), мелжемді (азулы) т.б.

Жергілікті тіл ерекшеліктерінде тіліміздің, лексикамыздың баюына қажетті, әдеби тілде баламасы жоқ сөздер аздап болса да кездеседі. Мысалы, мал егіз тапса, егіз дейміз, үшеу, төртеу тапса, оны бір сөзбен атайтын әдеби сөз жоқ. Ал батыс облыстарда мұны үшен (үшем), төртен деп атайды. әдеби тілде еркектің көйлегін де, әйелдің көйлегін де көйлек дейміз. Ал Жетісу қазақтары әйелдердің көйлегін көйлек, ер адамдардың көйлегін жейде деп екуін екі атаумен атайды. Сондай-ақ зембіл (носилка), арасан (минералды бұлақ), құбыр (су трубасы) сияқты говорлық атаулар әдеби тілді байыта түседі. Мұндай сөздерді орнықтырып қалыптастыру керек.



ә) диалектілердің әдеби тілге негізі жайлы.Бұл мәселе қазақ диалектологтерінің арасында да соңғы елу жыл бойы талас пікірге айналуда. Бұл айтыс, негізінен, қазақ диалектологтерін екіге бөледі. Бірі – қазақтың ұлт тілі мен әдеби тілінің диалектілік негізі бар десе, екіншілері – қазақтың ұлттық әдеби тілі диалектілік негізде емес, жалпыхалықтық тіл негізінде қалыптасты деп дауласады.

Солтүстік-шығыс диалектісінде сақталып қалған кейбір диалектілік ерекшеліктер де кездеседі. әдеби тілге тән емес (нормалар) сөздер мен грамматикалық формалар бар. Мысалы: Абайда (араб, парсы, шағатай тілінің элементтерінен басқа) «кезекпенен өлінер», «кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп», «малдының малын көре алмай, борышын түгел бере алмай, көрінгенге обықты», «артынан «ол нем» деп, ұялып, кезнесіп», «жем іздеген бір түлкі кездей болды сорына».

Тарихи жағдайларға байланысты кейбір жергілікті диалектілер мен говорлар ұлттардың пада болу процесі кезінде ұлттық әдеби тілдің негізіне жататындығы дәлелденген құбылыс.

Негізгі әдебиет:1.[1.7: 4], 2. [1.7: 7], 3. [1.7: 9],

Қосымша әдебиет:1.[1.7: 4], 2. [1.7: 5].

№4 дәріс. Әлеуметтік диалектілер және ұлттық тіл

Әлеуметтік диалектілер жайында. Кәсіби сөздердің әдеби тілге қатысы. Жаргондық сипаты бар сөздер

Дәріс тезисі:Диалектілер жалпы жасалуы мен әдеби тілге қатысы жағынан және ұлттық тілде қолданылымына қарай: жергілікті диалектілер және әлеуметтік диалектілер болып екіге бөлінеді.

Кәсіби сөздер жергілікті жерде әр алуан кәсіптің, өндірістің туып, дамуымен қалыптасады, соларға байланысты заттардың, өндіріс, еңбек құралдарының, еңбек өнімінің процесінің атауларын білдіреді. Қазақ тілінде кәсіби сөздердің мынадай түрлері бар:

1. Балық шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: бекіре, сазан, табан, айнакөз, итбалық, қауақ, лақаш, лақа, табан балық, қарагөз (вобла) т.б.

2. Мақта шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: жегене, жегенелеу, көсек т.б.

3. Қызылша шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: ас қызылша, еркек қызылша, қант қызылшасы, сірне жүйек т.б.

4. Темекі шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: булықтыру, бүркеніш, жал, қурай, темекіші, созақ т.б.

5. Бау-бақша және суармалы егіс шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: алқа, шабдалы, әнжіл, ақаба, кесе т.б.

Сонымен бірге қазақ тілінде саятшылыққа, қолөнеріне, тігіншілікке, дәрі-дәрмек өсімдіктерін өсірушілікке, бұғы-марал, құс шаруашылығына тән көптеген кәсіби сөздер болады.

Қазақ тілінде кәсіби сөздерді кәсіби-өндірістік мәніне қарай үлкен екі салаға бөлуге болады: 1. Шағын кәсіпке (балташылық, ұсталық, өрімшілік, тоқымашылық, зергерлік, ою-өрнек т.б.) байланысты сөздер. Мысалы: темір ұстасының құрал атаулары: тарақ балта (жүзі кедір-бұдыр балта); керме ара, пышқы, шербек, аталғы (ойық жүзді шот), ыңғуыр (ағаш оятын құрал), үскі (кереге көгін тесуге арналған біз)т.б. 2. Ірі кәсіпке байланысты сөздер. Оған мал, астық, балық, аңшылық, бау-бақша, күріш, темекі, мақта, қызылша шаруашылығына байланысты сөздер жатады. Мысалы. қоза, шиіт, ақ шиіт, терімші, арам шақа (мақта бермейтін бұтақ), балдақ (мақтаның сабағы), көсек (мақтаның қабығы), құлақ (мақта қауашағының бір бөлігі), өсім су, ызғар су, шиіт майы т.б.

Кәсіби сөздер таралу сипатына қарай да екіге бөлінеді:

1. Жалпыхалықтық сипаттағы кәсіби сөздер: жүгері, қарбыз, қауын, арпа, бидай, сұлы, мақта, шортан, жайын, ау, қайық, сүзгі, тор т.б.

2. Диалектілік сипаттағы кәсіби сөздер: үлкен арық атаулары: айғыр жап, әнер, жан арық, желке арық, қазына арық, оман арық, өстен арық т.б.; кішкене арық атаулары: бал арық, бау арық, жап, жандарма, желі, жоя, жүйек, қарық, қол арық, қол жап, қолшық, құлақ арық т.б.

Кейде бұларды прогрессивті және регрессивті кәсіби сөздер деп те атайды. Прогрессивті кәсіби сөздердің әдеби тілде баламасы жоқ, жалпыхалықтық сипат алмаған сөздер. Бұған балық, егін, мақта т.б. шаруашылығына байланысты сөздер жатады. Прогрессивті кәсіби сөздер әдеби тілден орын ала алатын, оны толықтыратын сөздер. Мысалы: сақман, сақманшы, пісте, көшет т.б. Ал регрессивті кәсіби сөздердің әдеби тілде баламасы бар, сол себепті әдеби тілге ене алмайтын, әдеби тілді керісінше, шұбарлайтын сөздер. Мысалы: қияр (бәдірен, бадыран, огурцы, огурец, әгүршік), асқабақ (аскелді), жүгері (дүмбіл, борми), шелек (бақыр, бедре), қызылша (ләблеме) т.б.

Тілде жергілікті диалектілер мен кәсіби сөздерден басқа жаргондық сипаты бар сөздер де болады. Жаргондар мен арголар – тілдің пассив лексикасының бір тобы. Жаргон, арго (француз тілінен алынған термин) – шағын ғана әлеуметтік топтарға қызмет ететін, сол топтардың ұнатуына сай алынған арнаулы сөздер мен сөйлемшелер. Кейде бұларды таптық диалектілер дейді. Жаргон – үстем таптың жоғарғы топтарына тән болса, арго – төменгі әлеуметтік топтарға тән құбылыс. Арго да, жаргон да жалпыхалықтық сипаттағы сөзді өз қажетіне қарай бейімдеуден барып пайда болады. Қазақ тілінде шын мәнінде «жасанды» тіл дәрежесіне көтерілген арго, жаргондар жоқ деуге болады.

Жаргонның түрі көп. Мысалы: буржуазия жаргоны, дворяндар жаргоны, әскери жаргон, кеңсе жаргоны, аралас жаргондар т.б. мысалы: орысша басты «голова» – котел, котелок, черепок, корзина, тыква, арбуз, глобус, кастрюля, коробочка т.б. дейді. «Жақсы» дегенді «отлично», «прекрасно» - законно, шикарно, шик-модерн, клево, кайф, лафа т.б. Оқушылар арасында – тикай – қаш, делц – аз-аздан, канай отсюда – кет осы жерден т.б. Студенттер тілінде – хвост – қарыз, кент – жақын таныс, сачок – жалқау, препат- оқытушы, антика – шетел әдебиеті мұғалімі, стипуха – студентақы т.б.

Жаргондарды «тұздық» (былапыт, боғауыз) сөздер немесе «соленная речь», ал ағылшын тілінде слэнг деп атайды.

Негізгі әдебиет:1. [1.7: 2], 2. [1.7: 10], 3. [1.7: 14].

Қосымша әдебиет:1. [1.7: 8], 2. [1.7: 11].

 



mylektsii.su - Мои Лекции - 2015-2022 год. (0.011 сек.)Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав Пожаловаться на материал